
2026 жылғы 10 қарашада Ақсу қалалық кітапханасында «Патриоттық сана қалыптастыру» бағыты аясында «Кітап оқитын ұлт қалыптастырудың өзекті мәселелері» атты диалог алаңы өтті.
Іс-шараға қоғам өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері, студенттер, ардагерлер мен қала белсенділері қатысып, оқу мәдениетін дамыту, рухани құндылықтарды сақтау және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелерін талқылады.
Диалог алаңының модераторы «BasQaru» қоғамдық қорының жетекшісі, заңгер, республикалық сарапшы Марғұлан Ермағанбетұлы болды.
Кездесуді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Негманова Ризагүл Алексеевна құттықтау сөзімен ашып, қоғамның рухани дамуына бағытталған мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Диалог алаңы барысында «Кітап, тарих және ерлік: рухани сабақтастық пен оқу мәдениеті», «Жастарды патриоттық санада тәрбиелеуде кітаптың алатын орны», сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт» ұлттық марафонын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Өз ой-пікірлері мен тәжірибелерімен бөліскен спикерлер:
Шаяхметов Қаршыға Қабыкенұлы – ақын, еңбек ардагері, Ақсу қаласының Құрметті азаматы;
Елгонденова Гүлнар Көшербайқызы – Ақсу қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Ақсу қалалық «Қазақ тілі» қоғамының хатшысы;
Сахаба Тілеуберді – С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың баспасөз хатшысы.
Ашық диалог барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, «Кітап оқитын ұлт» ұлттық марафонын қолдау және өңірде оқу мәдениетін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.










