Бүгін: 07.10.2026
«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар — білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені». Қасым-Жомарт Тоқаев

28 қыркүйек күні «Жалынды мамандық – өрт сөндіруші» мамандық күні аясында Ақсу қаласының Орталық кітапханасы №7 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушылары үшін Ақсу қаласының №10 өрт сөндіру бөліміне экскурсия ұйымдастырды.

Іс-шараның басында өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері оқушыларды бөлімшенің тарихы мен қызметімен таныстырып, өрт сөндірушілердің жұмысы, негізгі міндеттері және адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін атқаратын жауапкершілігі туралы айтып берді.

Іс-шараның кәсіби бағдар беру бағытына ерекше назар аударылды. Оқушыларға өрт сөндірушіге қажетті кәсіби қасиеттер: жауапкершілік, батылдық, тәртіптілік, дене төзімділігі, жылдам шешім қабылдай білу және топпен жұмыс істеу қабілеті туралы ақпарат берілді.

Экскурсия барысында оқушылар өрт сөндіру бөліміндегі қызмет жағдайларымен, арнайы өрт сөндіру техникасымен, кәсіби құрал-жабдықтармен және төтенше жағдайларды жою кезінде қолданылатын жеке қорғаныс құралдарымен танысты.

Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өрт сөндірушінің арнайы киімдерін көрсетіп, олардың мақсаты мен пайдалану тәртібін түсіндірді. Оқушылардың ерекше қызығушылығын өрт сөндіру техникасы мен кәсіби құрал-жабдықтармен танысу тудырды. Оқушылар мамандарға қызмет ерекшеліктері, кәсіби дайындық және өрт сөндіру қызметінің болашақ қызметкерлеріне қойылатын талаптар туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Экскурсия танымдық және кәсіби бағдар беру бағытында өтті. Оқушылар өрт сөндірушілердің жұмыс ортасымен тікелей танысып, осы мамандықтың ерекшеліктері мен талаптары, сондай-ақ оның қоғам үшін маңызы туралы түсініктерін кеңейтті.