11 қыркүйек күні Ақсу қаласының Орталық кітапханасында «KitapTime – 2026» республикалық кітап фестивалі аясында және Отбасы күні қарсаңында отбасылық командалар мен әртүрлі буын оқырмандарын біріктірген «Кітап Drive» әдеби-танымдық іс-шарасы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту және қолдау, кітапты ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын құндылық ретінде насихаттау, сондай-ақ отбасы мүшелерінің бірге кітап оқуға және мазмұнды мәдени демалысқа қызығушылығын арттыру.
Кездесу барысында қатысушылар «Таныстыру», «Кітап кейіпкерлерінің отбасын құрастыр», «Ертегілер әлемінің сиқырлы чемоданы» және «Кітап қолтырауын» сайыстарына белсенді қатысты. Әдеби шығармалар мен олардың кейіпкерлеріне арналған интерактивті тапсырмаларда қатысушылар өздерінің білімдерін, тапқырлығын, қиялын және әртістік қабілеттерін көрсетті.
Сайыстар барысында отбасы мүшелері бірлесе жұмыс істеп, өзара қолдау мен ұйымшылдық танытты. Бұл өз кезегінде кітап оқу арқылы отбасылық қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын көрсетті.
Іс-шара соңында белсенділік танытқан отбасылық командалар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
«Кітап Drive» әдеби-танымдық кездесуі жылы әрі достық атмосферада өтіп, кітап оқуды насихаттауға, отбасылық оқу дәстүрін жаңғыртуға және кітап арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етті.






