5 шілде күні кітапханада Ұлттық домбыра күніне орай «Бабадан қалған байтақ үн: домбыра – даланың жан дауысы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының ұлттық мұрасы саналатын қасиетті қара домбыраны ұлықтау, оның тарихы мен мәдениетіміздегі ерекше орнын насихаттау, күй өнерін кеңінен таныту және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны дәріптеу.
Кеш барысында жүргізушілер домбыраның шығу тарихы, күй өнерінің қалыптасуы мен дамуы, сондай-ақ қазақтың әйгілі күйшілері туралы танымдық мәліметтер ұсынды. Қатысушылар назарына ұлттық өнер мен күй тарихына арналған мазмұнды кітап көрмесі таныстырылып, домбыра мен күйге қатысты әдебиеттерге шолу жасалды.
Шара аясында ұлттық қолөнер бұйымдары таныстырылып, шеберлік сағаттары өткізілді. Кештің көркін күмбірлеген күйлер мен әсем әндер айшықтап, ұлттық өнердің асыл мұрасы мен рухани құндылығы кеңінен насихатталды. Әдеби-сазды кеш қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.






