5 маусым күні қалалық жағалауда «Ақсу толқыны» жазғы жобасы аясында Орталық кітапхана Ақсу қаласының 65 жылдығына арналған «Ақсуым – мақтанышым» атты поэтикалық алаң өткізді.
Қатысушылар туған қала, оның тарихы, көркем келбеті, еңбек жетістіктері және оның дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтар туралы өлеңдер оқыды. Кездесу барысында туған өлкені шынайы сүйіспеншілікпен жырлаған, туған жерге деген мақтаныш сезіміне толы жергілікті ақындардың шығармалары орындалды.
Мереке қонақтарына Ақсу қаласының тарихы, жетістіктері, танымал тұлғалары мен бай мәдени мұрасы туралы сыр шертетін «Арайлы Ақсу» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған басылымдар келушілерді қаланың өткені мен бүгінімен, қалыптасуы мен даму кезеңдерімен, сондай-ақ жергілікті авторлардың шығармаларымен таныстырды.






