Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақсу қалалық жағажайында ұйымдастырылған ауқымды мерекелік іс-шара барысында Ақсу қаласының Орталық кітапханасы «#БалалықШақОфлайн#Жаз#Кітапхана» атты жазғы библиобум өткізді.
Шара барысында кішкентай оқырмандарға ашық аспан астында «Оқу залы» ұйымдастырылды, онда балалар өзіне ұнаған кітап, журналдарды алып оқуына мүмкіндік туды, сонымен бірге бос уақыттарын қызықты өткізу үшін әртүрлі үстел ойындары ұсынылды. Орта буын оқушыларына викториналық сұрақтар мен қызықты ойындар өткізілді.
Сонымен қатар «Баланы кітаппен достастыр» атты кітап көрмесі рәсімделді. Көрмеде жас оқырмандарға арналған қызықты ертегілер, танымдық басылымдар мен балалар жазушыларының шығармалары қойылды.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған мерекелік алаңға жиналған бүлдіршіндер мен жасөспірімдер кітап әлеміне саяхат жасап, қызықты ойындар мен танымдық бағдарламаларға белсене қатысып, тәтті сыйлықтарға ие болды.
Аталған шара балалардың шығармашылық белсенділігін арттыруға, достық қарым-қатынас орнатуға және кітап оқуға деген қызығушылығын дамытуға ықпал етті. Балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүздері мерекенің басты көрінісіне айналды.










