
20 мамыр күні Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы колледжде Ақсу қ. Орталық кітапхана қызметкерлері студенттерге арналған Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай «Қазақ музыкасының ұлы тұлғасы» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Іс-шара барысында қатысушыларға қазақ музыка өнерінің көрнекті қайраткері Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар композитор мұрасына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кеш аясында студенттерге танымдық ойындар өткізілді. Атап айтқанда, «Пазл құрастыр», «Сөз құра», «Дұрыс па, бұрыс па?» ойындары арқылы қатысушылар Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы, күйлері мен әндері, сондай-ақ қазақ музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі туралы қызықты мәліметтермен танысты. Студенттер ойындарға белсенді қатысып, өз білімдерін кеңейтіп, ұлттық музыкаға деген қызығушылықтарын арттырды.





