19 қыркүйекте Ақсу қ. Орталық кітапханасында «Оқырман мен қаламгер» жобасы аясында С.Торайғыров университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Амантай Құдабаевтың «Ақ сиса» кітабының таныстырылымы өтті.
Қонағымыз Амантай Құдабаев әнші-сазгер, ақын Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдық мерейтойына орай жарыққа шығарған «Ақ сиса» атты құнды еңбегінің таныстырылымын өткізді.
Кеш барысында автор туындының жазылу тарихы, идеялық мазмұны мен шығармашылық жолы туралы сыр шертіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Келелі кездесуге келген жергілікті зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары ұлы ақынның ғұмырнамалық тарихы мен шығармашылығынан тың деректер естіді.
Ашық сұхбат алаңын қалыптастырған аталмыш кеште оқырмандар автордың жазу мәнеріне, ой тереңдігіне жоғары баға беріп, кітаптың мазмұнына қатысты пікірлерін білдірді. Кеш соңында автор қатысушыларға қолтаңбасымен кітап сыйлап, естелік суретке түсті.