Бүгін: 01.09.2025
Беделді халықаралық зерттеулердің нәтижелері біздің мектеп оқушыларының сауатты оқу дағдыларының тиісті деңгейде қалыптаспағанын көрсетеді. Сондықтан оқудың жоғары мәдениетін дарыту, оқу сауаттылығын дамыту қазақстандық мектептердегі оқу-тәрбие процесінің басым бағыттарының біріне айналуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев

28 тамыз күні Ақсу қаласының Орталық кітапханасында қазақ әдебиетінің жас буын өкілдерімен тағылымды кездесу өтті.

Шара аясында ақын, жазушы, аудармашы, тәуелсіз режиссер Тілек Ырысбек және жас жазушы, аудармашы Сафина Ақтай оқырмандармен жүздесіп, шығармашылық жолдарымен бөлісіп, қазіргі әдебиет төңірегіндегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар Сафина Ақтай оқырмандарға өзінің жаңа жинағын – «Burger King-тегі Элвис Пресли» атты кітабын таныстырды.

Бұл ерекше кездесу – қазақ әдебиетінің жаңа тынысын сезіндірген, жас қаламгерлердің ой-өрісі мен ізденісін паш еткен әсерлі диалог алаңы болды. Жазушының шығармашылық лабораториясы, аударма әлеміндегі түйткілді мәселелер, бүгінгі әдебиеттің бағыт-бағдары туралы пікірлер айтылып, қатысушылар көкейдегі сауалдарына жауап алды.

Кездесу барысында Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медығат Жанайдарұлы Манапов құттықтау сөз сөйлеп, жас қаламгерлерге сәттілік тіледі. Шара әнмен әрленіп, жергілікті өнерпаздар «Ескі ауыл», «Сарыарқа» сынды әндерді орындап, ерекше әуезді көңіл-күй сыйлады. Оқырмандар авторларға тікелей сауал қойып, ой-пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Әдебиет – ұлттың рухы, болмыстың айнасы. Осындай игі іс-шаралар жас қалам иелерінің қадамдарына демеу болып, оқырман мен автор арасындағы рухани байланысты нығайта түсері анық.

Кездесудің соңында қаламгерлерге Сәбит Дөнентаевтың "Көркемтай" шығармасын тарту етілді.

Әдебиет жанашырларының басын қосқан бұл жүздесу жас қаламгерлердің жаңа тынысын танытып қана қоймай, Ақсудың мәдени рухани өміріне серпін берген айтулы шара болды.